“Мясной №” ет дүкенi ашылды
13 маусым күні Осакаровка ауданында жергілікті кəсіпкер Павел Сапалиди өз қаражатына «Мясной №1» атты ет дүкенінің салтанатты түрде тұсауын кесті.
Ашылу салтанатына Осакаров ауданының Кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімінің басшысы Қарлығаш Шалабаева , «Кəсіпкерлер палатасы» директоры Ботагос Сыздыкова, кəсіпорындар мен ұйымдардың басшылары жəне аудан тұрғындары қатысты. Өнімдер барлық нормалар мен стандартқа сай, бағасы да тұрғындар үшін қолжетімді, сонымен қатар барлығы жергілікті өнімдер. Ашылған жаңа дүкен 2 адамды жұмыс орнымен қамтиды деген болжам бар. Құттықтау сөз «Кəсіпкерлер палатасының» директорына берілді. - Осындай ауданымызда шағын жəне орта бизнестің дамып келе жатқаны өте қуантады. Шағын кəсіпкерлік экономикада үлкен рөл атқарады, оның дамуы экономикалық өсімге, жаңа қосымша жұмыс орындарын құруға əсер етеді, яғни көптеген өзекті экономикалық, əлеуметтік жəне басқа да мəселелерді шешеді. Жаңа ашылған дүкен иесіне тек табыстар əкелсін,- деп Ботагос Сыздыкова кəсіпкер Павел Сапалидидің бастамасына сəттілік тіледі. Құттықтау сөзінен кейін қызыл лентаны қию рəсімі өткізіліп, содан соң, сауда үйімен жақынырақ танысу, сауда жасау үшін келушілер ішке кірді. Халық ішке кіріп жаңа дүкенмен танысып өз саудасын жасай бастады. Бұл күні жаңадан ашылған дүкенге келушілер саны көп болды. Тұрғындарға қолайлы бағада ұсынылған ет өнімдерін алушылардың қатары күн сайын көбеймесе азаймасы анық.